«АХТСП» ҰК» АҚ-да порт акваториясындағы төтенше жағдайларға ден қою дайындығын арттыруға, қызметкерлер мен порт флоты кемелері экипаждарының іс жүзіндегі дағдыларын жетілдіруге бағытталған мұнайдың авариялық төгілуін оқшаулау және жою (МАТЖ) бойынша кешенді оқу-жаттығу өтті.
Оқу-жаттығу барысында қатысушылар мұнай төгінділерін оқшаулау және жою операцияларын жүргізу кезінде порт бөлімшелері, мамандандырылған кемелер және серіктес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды пысықтады. Табиғат қорғау жабдықтарын, оның ішінде GLOBEBOOM DESMI жедел жайылатын бондық қоршау қолдану және оларды орналастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес танкер бортындағы шартты өртті сөндіру және экипаж мүшелерін көшіру іс-қимылдары да пысықталды.
Іс-шараға «Бұлақ» мамандандырылған кемесінің, «Батыр» және «Жеңіс» сүйреткіш кемелерінің экипаждары қатысты. Оқу-жаттығу барысында ден қою уақытының нормативтері, барлық қатысушылардың іс-қимылдарының үйлесімділігі және авариялық жағдайдың түрлі өршу сценарийлері кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігі тексерілді.
Өткізілген оқу-жаттығу барлық қызметтердің төтенше жағдайларға жедел ден қоюға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге толық дайын екенін растады.





