Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру аясында Ақтау теңіз портында «Үздік аудармашы» байқауы өтті.
Іс-шараның мақсаты – кәсіпорын қызметкерлерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру, мемлекеттік тілде іс жүргізу дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ салалық терминологияны сауатты қолдану мәдениетін насихаттау.
Байқауға қатысушылар қазақ тілі бойынша білімдерін, кәсіби терминдер мен күнделікті өндірістік қызметте қолданылатын тұрақты сөз тіркестерін дұрыс пайдалану қабілеттерін көрсетті.
Байқау жұмыстарын облыстық және қалалық «Үздік аудармашы» байқауларының жүлдегерлері, сондай-ақ кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының өкілдері енген қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды заң кеңесшісі Абылай Бердиев иеленді.
Екінші орын жүк қоймасының тальманы Айгүл Ешмұхановаға бұйырды.
Үшінші орынды кадрлар жөніндегі маман Пания Төлегенова иеленді.
Жеңімпаздар құрмет грамоталарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ал қалған қатысушылар көрсеткен білімдері, белсенділігі және тілдік дағдыларын жетілдіруге деген ұмтылыстары үшін ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Байқау «АХТСП» ҰК» АҚ кәсіподақ ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды.





